Өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз егіп-өсірген күдікті Қызылорда облысының тұрғыны болып шықты
Қызылорда облысында есірткі өсіріп, оны сатқан тұрғын ұсталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
«Қызылорда облысында 10 маусым «Қарасора-2020» арнайы жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу барысында полиция қызметкерлерімен Қазалы ауданының 56 жастағы тұрғыны есірткі затын сатқаны үшін ұсталды», – делінген хабарламада.
Тінту іс-шараларын өткізу барысында күдіктінің тұрғылықты мекенжайы бойынша құрамында есірткі заттар бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз егіп-өсіргені анықталды.
«Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің екі бабы, яғни 297-бабының 1-бөлігімен (есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, оларды жөнелту не өткізу) және 300-бабының 1-бөлігімен (өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi егу немесе өсiру немесе сораның, көкнәрдiң немесе құрамында есiрткi заттары бар басқа да өсiмдiктердiң сұрыптарын егіп-өсіру) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті Қазалы аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау абақтысына қамаққа алынды», – дейді полициядағылар.