Тергеу амалдары басталды
Алматы облысының Іле ауданында картингте 10 жастағы бала қаза болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі
Алматы облысының Іле ауданында картингті басқарып келе жатқан 10 жастағы бала қаза болды. Ресми ақпарға сүйенсек, ол өзін соққан карттың екпінінен пластмассадан жасалған қоршау блоктарын бұзып өтіп, жол жиегіндегі су таситын көлікке соғылған. Салдарынан баланың бас сүйегіне зақым келіп, ол оқиға орында көз жұмды. Ал картодромда болғандардың қатарында жеткіншектің әкесі мен ағасы да бар.
«10 жастағы жасөспірімінің өліміне қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 306-бабы, 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғанын хабарлаймыз. Қылмыстық іс материалдарына күдікті ретінде картинг орталығының 41 жастағы директоры танылды. Істің мән-жайын анықтау үшін бірқатар қажетті сараптамалар тағайындалды. Қылмыстық іс департаменттің тергеу бақсармасының өндірісіне қабылданып, бақылауға алынды», – деді Облыстық ПД баспасөз қызметінің өкілі Ербол Сайділдин.