Ұлттық ұлан сарбазы өзіне қол жұмсамақ болған адамды құтқарып қалды

07.09.2022 13:43

Қазіргі уақытта 24 жастағы жергілікті тұрғынды мұндай әрекетке не итермелегені тергеліп жатыр

polisia.kz

Оқиға Ақтау қаласындағы Атамекен ауылында орын алған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

6 қыркүйек күні сағат 12:15 шамасында Ұлттық ұлан әскери қызметшісі ефрейтор Арман Мұрзамұратов кезекті жауынгерлік қызметтен шығып үйіне келе жатқан жолда, Атамекен ауылының 37-аймағында орналасқан төртқабатты үйден секіргелі тұрған ер азаматты көреді. Сәл кідіріп, әрекетін барлағанда оның шынында өлімге қадам жасамақ болғанын сезеді. 

Ефрейтор Мұрзамұратов еш ойланбастан санаулы секундта жоғарғы қабатқа көтеріледі. Техникалық қабаттың кішкентай терезесі ернеуінен шатырға шығып, әлгі ер азаматтың артынан ақырын келіп, қолынан ұстап алады. Қарсыласқанына қарамастан, мықтап ұстап қауіпсіз жерге алып шығады да, полиция қызметкерлеріне хабарлайды. 

Қазіргі уақытта 24 жастағы жергілікті тұрғынды мұндай әрекетке не итермелегені тергеліп жатыр. Полиция қызметкерлері жағдайдың мән-жайын анықтау үстінде.