Шымкенттегі №104 мектепте өрт шығып, шатыры күлге айналды. Оқыс оқиға кезінде білім ошағында 700-ден астам оқушы болған. Мұғалімдер өрт сөндірушілер жеткенше барлық оқушыны далаға шығарып үлгерген, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі nur.kz-ке сілтеме жасап.
- Оқиға орнына барғанда жалпы ауданы 463 шаршы метр шатырдың А корпусының 280 шаршы метрі жанғаны анықталды. Өрт сағат 11:15-те толық сөндірілді, - дейді Шымкент ТЖД ресми өкілі Асқар Шәріп.
Шатырдан өрт шыққанын байқаған ұстаздар бірден оқушыларды эвакуациялауға кіріскен. Қорқып қалғаны болмаса ешкім жарақат алмаған. Олармен арнайы келген психологтар жұмыс істеді. Таңғы ауысымдағы оқушылар үйіне қайтарылып, түстен кейін оқитындар онлайнға жіберілді. Ертеңнен бастап 5 пен 11-сынып оқушылары мектептің өрт тимеген корпусында оқиды. Ал бастауыш сыныптарының қалай оқитыны әлі шешілген жоқ. Өртсөндірушілер от электр сымдарының қысқа тұйықталуынан болды деген болжам жасап отыр. Білім ошағындағы өрт қауіпсіздігі ережелері жақында ғана тексерілген екен. Соған қарамастан арнайы комиссия тағы тексереді.
- Ешкім жарақат алып, зардап шекпеді. Шұғыл түрде ата-аналарға мәлімдеме жеткізілді. Оқушылар үйіне қайтарылды. Ата-аналармен кері байланыс жасалып, барлық оқушы үйіне аман жетті, - дейді №104 мектеп директоры Бауыржан Рауаилов.
Оқи отырыңыз: Оңбай алдандық: шымкенттіктер екі жыл бұрын алған баспананың сапасын сын көтермейді