Бүгін Нұр-Сұлтаннан бастап еліміздегі барлық әкімшілік ғимаратта мемлекеттік ту төмен түсіріледі.
Бүгін тұтас Қазақстан аза тұтады. Мектеп пен балабақшада жоспарлаған барлық мерекелік шара кейінге шегеріліп, телеарналардағы ойын-сауық бағдарламалары бір күнге тоқтатылады.
Алматы қаласының әкімдігі 28 желтоқсанда Жаңа жылға орай ұйымдастырылатын мерекелік шаралар мен корпоративтер өтпейтінін мәлімдеді.
"Қайғылы жағдайға байланысты ҚР Президенті әкімшілігінен 27-28 желтоқсан күндері өтетін корпоративтерді өткізбеу туралы ақпарат келді. 2019 жылдың 28 желтоқсанын жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Бұл күні қаладағы барлық мерекелік безендіру мен иллюминациялар өшіріледі", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ заң бойынша ұлттық аза тұту күні аяқталғанша электронды БАҚ-та жарнамаға тыйым салынады, мәйіттің, қанның суретін жариялауға болмайды.