Полицейлерден әйелдің күйеуі көмек көрсетуін сұраған
Қарасайлық тәртіп сақшылары нәрестенің өмірге келуіне себепші болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Naqty.kz желілік басылымына сілтеме жасап.
7 қыркүйек түнде, яғни, 00:20 шамасында Қарасай аудандық Полиция басқармасына қарасты патрульдік полиция қызметінің инспекторлары аға лейтенант Ернат Сакенов пен лейтенант Ержан Молдабеков ойда-жоқта қызмет бабында жүріп ерекше оқиғаға тап болды.
Ұмтыл, Елтай ауылдық округінің аумағын қадағалайтын полиция қызметкерлерін «Алматы-Боралдай-Жібек жолы» тасжолында бойында еш жарығы жоқ қараңғы жерден ер адам атып шығып, көмек көрсетуін сұраған. Оның айтуынша, әйелінің толғағы жетіп, босанғалы жатқан. Ал «Жедел жәрдем» болса, «неше ай болды» деген сияқты сұрақтарын қоя бостаған. Осы ретте тәртіп сақшылары ештеңеге қарамай, өздерінің қызметтік көлігімен Қаскелең қаласындағы перзентханаға қарай жол тартқан. Толғағы қысқан әйел шыдай алмай полиция қызметкерлерінің «Hyundai» маркалы көлігінде босануға тура келген.
Баланың жылағанын естіген инспекторлар оны аман алып қалу үшін көлік терезелерін жауып, қатты жылдамдықпен жүруге бел байлапты.
Абырой болғанда ана да, дүниеге келген бала да аман-есен перзентханаға жетті.