Қазанның 6-сы мен 9-ы аралығында жергілікті тұрғындар Кентаудағы дәмханадан суши, пицца, фри картоптары мен тауық етіне тапсырыс берген. Олардың арасында балалар мен жүкті әйелдер де бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Halyq-uni.kz-ке сілтеме жасап.
Әзірге кафеден тамақ тапсырыс бергендердің нақты неден уланғаны белгісіз. Дәмхана тексеруге жабылып, қылмыстық іс қозғалды.
Мекеме иесінің санитарлық құжаты, ал аспаздардың медициналық тексеруден өткені туралы анықтамалары жоқ болып шықты.
Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрбек Нышановтың айтуынша, Кентау қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы қалалық полиция бөлімімен бірге қозғалған қылмыстық іс аясында нысанға жоспардан тыс тексеру жүргізген. Тексеру барысында қызметке рұқсат беру құжаты мен шикізат өнімінің қауіпсіздігін куәландыратын құжаттардың, медициналық тексеруден өткені туралы деректердің болмауы анықталған. Нысанда тиісті санитарлық-эпидемияға қарсы іс-шаралар өткізіледі.
«Бұған дейін, яғни биыл тамыз айында Кентау қаласындағы сол қоғамдық тамақтану орнында тамақтан топ адам болып улану оқиғасы тіркеліп, 8 адам зардап шеккен болатын. Сол кезде нысан 352 мың 245 теңге сомасында айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Нысанның иесіне санитариялық талапты сақтап, жағдайды қалыпқа келтіру үшін уақыт берілген. Дегенмен көп уақыт өтпей мұнда екінші рет тамақтан улану фактісі тіркеліп отыр. Бұл жолы нысан жабылып, қылмыстық іс қозғалды. Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр. Жалпы бүгінде облыс бойынша департаменттің бақылауында 3328 нысан бар. Оның ішінде қоғамдық тамақтану бөлімі - 1027, эпидемиологиялық маңызы жоғарысы - 575 нысан. Қазіргі таңда эпидемиологиялық маңызы жоғары нысандар қатаң қадағалауда», - деді Нұрбек Нышанов.
Түркістан облысы қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Алтын Досанова тамақтан уланған азаматтардың қазіргі ахуалы туралы баяндады. Оның мәлімдеуінше, Кентаудағы Орталық қалалық ауруханасының жұқпалы аурулар бөліміне 6 қазаннан бастап 145 науқас тіркелген. Оның 98-і ауруханаға жатқызылды. Ал 47 науқас амбулаторлы деңгейде емге жіберілді. Бұдан бөлек, Түркістан қаласына 31 науқас инфекциялық стационарға, Кентау қаласына 67 науқас жатқызылған. Оның ішінде 34 ересек, 5 жүкті әйел, 33 бала бар. Қазіргі уақытта барлық науқастың жағдайы қалыпты.