Есіл өзеніне екі бала батып кетті

17.06.2022 13:56

Қайғылы оқиға 15 маусым кешкі уақытта Астрахан аудандағы Первомайка ауылына жақын жерде болған

© Sputnik / Елена Бережная

Ақмола облысында Есіл өзеніне түскен екі бала батып кетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға 15 маусым кешкі уақытта Астрахан аудандағы Первомайка ауылына жақын жерде болған.

Велосипед мінген үш бала Есіл өзеніне барып, суға түскен. Сол кезде 6 және 9 жасар екі ұл суға батып кеткен. 8 жасар үшінші бала ауылға жүгіріп барып, көмекке шақырған. Бірақ тым кеш болған. Оқиға орнына учаскелік инспектор барған. Ол аудандық полицияға екі баланың қайтыс болғанын хабарлады. Қазіргі кезде сот-медициналық сараптама тағайындалды.

Ресми мәліметке сәйкес, жыл басынан бері облыста 14 бала көз жұмды. Төртеуі жол апатына түссе, үшеуі суға батқан. Бір бала уланып қайтыс болған, тағы біреуі жоғары қабаттан құлаған. Тоқтан мерт болған бүлдіршін де бар.