ШҚО-да 8 рет мал ұрлаған екі ер адам ұсталды

16.09.2020 13:56

Малдың бір бөлігі сойылса, қалғаны тірідей сатылған

көрнекі сурет

Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданында 8 рет мал ұрлаған екі ер адам құрықталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жедел-іздестіру шараларын жүргізген полиция қызметкерлері Үржар ауданы Алтыншоқы ауылының 33 және 43 жастағы екі тұрғынын қолға түсірді. Қазіргі уақытта олардың мал ұрлығының 8 фактісіне қатысы бары анықталып отыр. 

Мәселен, осы жылдың тамыз айының соңында алдын ала сөз байласқан ер адамдар Таскекен ауылының шетіндегі жайылымнан 5 жылқыны айдап кеткен. Баукеспелер жыл бойы Үржар ауданындағы көрші ауылдардан сиыр мен жылқыны түн жамылып ұрлап келген. Малдың бір бөлігі сойылса, қалғаны тірідей сатылған. 

«Күдіктілер ұрланған малды Түркістан облысының тұрғынына сатып, ақшаны өз қажетіне жұмсаған. Ұсталғандардың бірінің үйін тінту кезінде, ауласында екі құлыны бар бие, мал терілері және 200 келідей ет табылды», – деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мәдиев. Барлық фактілер бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188- бабы 1-бөлігінің 2-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.