Алматы облысындағы әскери полигонда граната жарылып кетті

20.06.2019 13:59

Командирдің орынбасары жас сарбазды денесімен жауып үлгерген

Көрнекі сурет

Оқиға 19 маусым күні таңертең болған. ҚР ҰҚК Шекара қызметін 2027 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеп жатқан сарбаз оқу-жаттығу шарасында қол гранатасын лақтырамын деп жерге түсіріп алыпты. Жағдайдың адам өлімінсіз аяқталуына командирдің тәрбие жөніндегі орынбасары ықпал еткен деп хабарлайды аталған ведомствоның баспасөз қызметі.

Сарбаздар оқпанадан граната лақтыру жаттығуын орындап жатқан сәтте жас жауынгер сасқалақтап, шығыршығы суырып қойған жарылғыш затты аяғының астына түсіріп алған. Осы сәтте сабақ жетекшісі Сергей Смицких көз ілеспес жылдамдықпен гранатаны әрірек лақтырып, өзі денесімен сарбазды жауып үлгеріпті.

Жарылыс салдарынан командирдің орынбасары екі аяқ, екі қолынан жарақат алды. Ал сарбаз болса, екі аяғы мен сол жақ жаурынын жарақаттап алған. Оқиға орнында болған әскери дәрігерлер оларға алғашқы медициналық көмек көрсеткеннен кейін екеуі алдымен Іле ауданы Өтеген Батыр кентінің орталық аудандық ауруханасына жеткізіліп, әрі қарай Алматы қаласындағы ҰҚК орталық әскери госпиталіне жатқызылды. Қазіргі уақытта жағдайлары қанағаттанарлық, өмірлеріне  қауіп төніп тұрған жоқ.