Ер адамның қасына жүгіріп барған әскери қызметшілер оның ес-түссіз жатқанын көреді және жедел жәрдем көлігін шақырады
Ұлттық ұлан жауынгерлері есінен таңған ер адамға жедел көмек көрсетті, деп хабарлайды Polisia.kz.
Ұлттық ұлан жауынгері денсаулығы сыр бергеннен кейін қиын жағдайда қалған еліміздің тағы бір тұрғынына көмек көрсетті. Оқиға Көкшетауда 28 сәуірде болды. Қаланың көшелерінде қоғамдық тәртіпті күзетіп келе жатқан әскери жасақ баяу қимылдап, кейін жерге құлап қалған адамды байқайды. Ер адамның қасына жүгіріп барған әскери қызметшілер оның ес-түссіз жатқанын көреді және жедел жәрдем көлігін шақырады.
"Біз әлгі адамның қасына жақындағанда оның аузынан көбік ағып жатты. Ойланбастан біз “103” нөміріне хабарластық та, науқасты қырымен жатқызып, бетіне су септік. Содан кейін ол ақырындап есін жинай бастады. Бұл уақытқа дейін жедел жәрдем көлігі келді де, ер адамның денсаулығын тексеріп, оны емханаға алып кетті", – деді әскери жасақ басшысы Берік Нұртаев.