Шымкентте ер адам 11-қабаттан құлап, мерт болды

27.10.2020 14:00

Оқиға 25 қазанда түстен кейін Шымкент қаласында "Нұрсат" шағын ауданындағы көпқабатты тұрғын үй құрылысының аумағында болды

Шымкентте құрылыс алаңында 25 жастағы жігіт 11-қабаттан құлап кетті. Ер адам жарақат салдарынан жедел жәрдем келгенше қайтыс болды. Енді Шымкенттің еңбек инспекциясы құрылыс алаңында қауіпсіздік техникасының сақталуын тексеруге кірісті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.

Оқиға 25 қазанда түстен кейін Шымкент қаласында "Нұрсат" шағын ауданындағы көпқабатты тұрғын үй құрылысының аумағында болды.

Бас мердігер компания өкілдерінің айтуынша, құрылысты қосалқы мердігер жүргізген. Марқұм сол серіктестікте жалданып жұмыс істеген.

Еңбек инспекциясының хабарлауынша, жедел жұмыс тобы құрылып, еңбек қауіпсіздігі бойынша заңнаманың сақталуын тексеруге кірісті. Атап айтқанда, жексенбіде жұмысқа шығу заң аясында тексеріліп жатыр.

Тексеру комиссиясының нәтижесі мен қорытындысы полицияға беріледі. Егер қайғылы жағдай жұмыс берушінің тікелей кінәсінен болғаны дәлелденсе, мердігер компания заң алдында жауап береді.

Айта кетейік, жыл басынан бері Шымкентте өндірісте 30-ға жуық жазатайым оқиға тіркелді. Оның ішінде 11 адам ауыр дене жарақатын алды, 4 жұмысшы қайтыс болды. Жазатайым оқиғаларға байланысты еңбек инспекциясы сақтық шараларын қатаң сақтауды ұсынады.