Mercedes-те 10 адам болған, оның 7-уі - кәмелетке толмағандар
Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында Mercedes және Subaru көліктері соқтығысып, 6 адам көз жұмып, 4 адам жарақат алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Алдын ала мәліметтер бойынша 28 жастағы Mercedes жүргізушісі Алматы - Көкпек - Көктал тас жолының 69 шақырымында қарсы қозғалыс жолағына шығып, Subaru көлігімен жанамалы соқтығысуға жол берген.
Одан кейін жол жиегіндегі ағашқа соғылған. Mercedes көлігінде болған 6 адам қаза тапты, олардың төртеуі - кәмелетке толмағандар.
Әр түрлі жарақаттармен зардап шеккен тағы 4 адам жақын маңдағы ауруханаға жатқызылды.
Айта кету керек, 1992 жылы шыққан Mercedes-те 10 адам болған, оның 7-уі - кәмелетке толмағандар.
Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері барлық мән-жайларды анықтап жатыр. Факті бойынша қажетті сараптамалар тағайындалды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.