Бұл туралы облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Садуақас Байғабылов мәлім етті
Атырау облысында 8,3 млн теңге көлемінде 47 әкімшілік іс қозғалды. Бұл туралы облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Садуақас Байғабылов мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Оның айтуынша, мобильдік топтардың рейдтік тексерістері кезінде карантин талабын бұзған бірнеше дерек анықталған. Жабық ғимараттарда маска режимін, әлеуметтік қашықтықты сақтамау секілді өзге де талаптарды бұзғандарға 8,3 млн теңгенің әкімшілік ісі қозғалған.
«Жеке тұлғаларға 24, орта және шағын кәсіпкерлік субьектісіне (19 дүкен, 2 көлік жөндеу орталығы) 23 айыппұл салынды. Тек Атырау қаласында базарлар, супермаркеттер мен тұрғын үйлерде орналасқан дүкендерде маска тақпаған 17 жеке тұлға 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі айыппұл жазасына тартылды. Ал, Жылыой ауданында карантин талабын сақтамағандар 11 айыппұл арқалады. Оның ішінде 7 жеке тұлға, 4 шағын және орта кәсіпкерлік субьектісі бар. Сондай-ақ, Индер ауданында уақытша жұмыс кестесін сақтамаған кәсіпкерлік нысандарына 2 айыппұл салынды»,– деді Садуақас Байғабылов.
Мобильді топтармен рейд кезінде қамтылған 1014 нысанның 14-де кемшіліктер сол мезетте шешімін тапқан. Мұндай кемшіліктер арасында есік тұтқаларын, сауда сөресін, технологиялық жабдықтарды, шатыр мен қоқыс салғыштарды дезинфекциялық ерітіндімен өңдеу бар. Ал, өзге нысандарда гигиеналық сауаттылықты арттыру, карантинді сақтау жөнінде брошюралар таратылып, профилактикалық әңгіме жүргізілген.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау халқы дәрі-дәрмек бағасына шағымданғаннан кейін 50 дәріхана тексерілген еді.