Оқиға болған кезде шахтада 106 қызметкер болған
Бүгін түнде Қарағанды облысы, Шахтинск қаласында Ленин атындағы шахтада апат болды. Нәтижесінде 4 кенші көз жұмды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
3 қараша күні сағат 3.03-те «Арселор Миттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің Ленин атындағы шахтасында апат болды.
«Оқиға болған кезде шахтада 106 қызметкер болды, 101 адам жер бетіне көтерілді. 5 адам (бағаналы бөлік жұмыскерлері) көтеру торларының жұмыс істеуі үшін қалды», - деп мәлімдеді әкімдік өкілдері.
Қазіргі уақытта шахтаның 4 қызметкерінің денесі табылды, 4 адам жер бетіне шығарылған соң Шахтинск қаласының Орталық аудандық ауруханасына жатқызылды.
Оқиға орнында облыс әкімі, қала басшысы және компания жетекшілері, «Көмір» ӘҚҚҚ авариялық-құтқару қызметі жұмыс істеп жатыр.