Ақтөбе мен Шығыс Қазақстан облыстарында да дала өрті тұтанды

05.09.2022 14:15

Өртті сөндіруге су төгетін құрылғысы бар тікұшақ жұмылдырылды

diapazon.kz

Өткен тәулікте Ақтөбе мен Шығыс Қазақстан облыстарында да құрғақ шөп өртенді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Диапазон порталының жазуынша, 4 қыркүйекте кешке Ақтөбе қаласының маңында, өнеркәсіптік аймақ аумағында өрт шыққан.

«900 шаршы метр аумақта шөп жанып кетті. Өртті сөндіруге 48 адам, 30 су тасушы көлік, өрт сөндіру машиналары мен соқасы бар трактор жөнелтілді. ТЖД өрттің сағат 23:25-те сөндірілгенін мәлім етті. Құрбандар мен зардап шеккендер болған жоқ», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысындағы Алтай өңірінде өрт шықты. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Зырян орман шаруашылығы» КММ, Быков орман шаруашылығы аумағында құрғақ шөп пен бұталар өртенді. ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті мен жергілікті атқарушы органдар өрт сөндірушілер мен орманшылар жұмысын бірден жолға қойды.

«Өртті ауыздықтау жұмыстары жетуі қиын таулы жерлерге байланысты күрделі болып отыр. Алдын ала белгілі болғандай, өрт аумағы 167 гектарды құрайды», - делінген хабарламада.

Өрт аумағын анықтау үшін «Қазавиаорманкүзеттің» АН-2 ұшағы пайдаланылды.

«Елдімекендерге қауіп төніп тұрған жоқ», - деді ШҚО ТЖД.

Өртті жоюға Шығыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаменті, орман шаруашылығы кәсіпорны, әкімдіктер мен «Қазавиалессохрана» мекемесінің 344 адамы мен 25 бірлік техникасы жұмылдырылды.

Өртті сөндіруге су төгетін құрылғысы бар тікұшақ жұмылдырылды. Өрт аймағында ШҚО ТЖД және жедел штаб жұмыс істеп жатыр.