"Абай" шахтасындағы апат: министр тергеу нәтижесін жариялады

25.11.2021 14:17

Үкімет комиссиясының қорытындысы тергеу органдарына жіберіледі

Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин алты адам қаза тапқан "Абай" шахтасындағы оқиғаның себептерін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv ҚР ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Комиссия апат болған жерді екі мәрте тексеріп, куәгерлерден, оқиғаға қатысы бар адамдардан жауап алды. Техникалық құжаттаманы зерделеп, бес сараптамалық шағын комиссияның және тәуелсіз сарапшылардың қорытындысы бойынша метан газының бөлінуі тау-кен массасының шығарылуынан, газдинамикалық құбылыс салдарынан болған деген қорытындыға келді. Көмір мен газдың кенет таралуы ықтималдығы жоғары қауіпті қабаттарда тау-кен жұмыстарын жүргізу жөніндегі нұсқаулық "Қолданыстағы нормативтік құжатқа сай емес" – деді министр.

Министрдің айтуынша, төтенше жағдайға жүйелі мәселелер себеп болған. Жұмыс беруші қажетті шараларды уақытында жасамады.

"Ондай шаралар белгілі бір уақыттың ішінде атқарылмағаннан кейін апат кезіндегі құбылыстарға әкеліп соқтыруы мүмкін. Бұдан бөлек, комиссия осы қайғылы жағдайға себеп болмаған басқа да тәртіп бұзушылықтарды анықтады. Соның ішінде инженерлік-техникалық құрам мен жұмысшылардың тапшылығы бар. Жұмыс беруші геологиялық қателіктерге барлау жұмыстарын толыққанды өткізбеген. Сондай-ақ технологиялық құрал-жабдықтарды уақытында ауыстырмаған", – дейді Ильин.

Үкімет комиссиясының қорытындысы тергеу органдарына жіберіледі. Олар апатқа кінәлі лауазымды тұлғаларды анықтайды.

Теги: Қарағанды