Алматы облысында жездесі балдызын аяусыз пышақтап тастаған

21.10.2021 14:17

Қанды оқиға Қарасай ауданына қарасты Шамалған ауылында болған

Әлеуметтік желіден

Алматы облысында жездесі өз балдызын аяусыз пышақтап тастаған. Бірнеше жерінен жарақат алған қызды дәрігерлер дер кезінде аман алып қалған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Express Qazaqstan сайтына сілтеме жасап.

Қанды оқиға Қарасай ауданына қарасты Шамалған ауылында болған, деп жазады Дина Таңсәрі есімді құқыққорғаушы өзінің Instagram парақшасында.

«19 жастағы Ақнұр әпкесін аяусыз сабаған мас жездесіне қарсы тұрды. Ашулы еркек оны бірнеше жерінен пышақтап, ауыр дене жарақатын салған. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалды», – дейді құқыққорғаушы.

Желіқолданушы бұзақы жігіттің бостандықта жүргенін айтады. Сол себепті қазір одан зардап шеккен қыздар туыстарының үйінде бой тасалап жүр. Алайда бұл оқиғаға қатысты облыстық ПД түсініктеме берді.

«Отбасылық ұрыс кезінде 38 жастағы еркек өз әйелінің сіңлісіне пышақ жарақатын салғаны анықталды. 19 жастағы қыз түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді. Осы оқиғаға қатысты ҚК 106-бабы 1-бөліміне сәйкес қылмыстық іс қозғалды», – деп мәлімдейді облыстық ПД баспасөз қызметі.