Таразда адам ұрланды: тұтқын жүксалғышта жатып телефон соғып үлгерген

05.02.2019 14:17

Жәбірленуші қылмыскерлердің болжамсыздығының арқасында құтқарылды

stan.kz

Тараздық полицейлер адам ұрлағандардың қылмысын әшкереледі. Қылмыскерлер ер адамды ұрып-соғып, автокөліктің жүксалғышына басып, саяжай аумағына алып бара жатқан. Дегенмен, жәбірленуші қылмыскерлердің болжамсыздығының арқасында құтқарылды, деп жазады Stan.kz.

Адам ұрлаған азаматтар өздері ұрлап бара жатқан жәбірленушінің телефонын алуды ұмытып кеткен. Соның арқасында, полицейлер тұтқынды жарты сағаттан кейін құтқарып, екі күдіктіні қолға түсіре алды.

«Мен білмеймін. Шағынауданда жүргенімде, олар мені ұстап алып, көліктің жүксалғышына басып әкетті. Оларды танымаймын да», - дейді жәбірленуші.

Бірақ бұның барлығы ойын приставкасының кесірінен болған екен. Ұрланған азамат оны жалға алып, уақытында қайтармаған болып шықты. Нәтижесінде, алданған кәсіпкерлер оны кепілге салынған куәлігі арқылы тауып алған. Содан оны ұрып-соғып, көліктің жүксалғышына басып, өздерімен әкетіп бара жатқан.

Адам ұрлаған кәсіпкерлердің осыдан кейін не істемекші болғанын полиция әлі де анықтап жатыр. Бұл мәселеде көліктің жүксалғышында ес-түссіз жатқан тұтқынның соққыдан оянғаннан кейін полицияға өзі қоңырау шалып, жағдайы туралы айтып бергені ғана белгілі. Енді адам ұрлаған үш азамат 12 жылға дейін түрмеге жабылуылары мүмкін.

«Ізін суытпай мас күйінде болған үшінші күдікті де қолға түсті. Қазір бұл жағдайға қатысты адам ұрлауға әрекеттенуден бастап, бірнеше бап бойынша алдын ала тергеу жүргізіліп жатыр. Қүдіктілер өздерінің кінәсін толық мойындады»,  - деді Жамбыл облысы ІІД-нің баспасөз қызметінің басшысы Гүлсара Мұхтарқұлова.