Жазатайым оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр
Ақсу ферроқорытпа зауытында ер адам көз жұмды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Оқиға 20 желтоқсан күні сағат 08.21-де Ақсу ферроқорытпа зауытындағы балқыту цехында болған.
Бұл туралы зауыттың Instagram парақшасында жарияланды.
Зауыттың мәлімдеуінше, конвейер жабдығына қызмет көрсету кезінде жазатайым оқиға болып, слесарь-жөндеуші жарақат алған.
«Оқиға орнына дереу жедел жәрдем шақырылып, зардап шеккен адам Ақсу орталық ауруханасының жансақтау бөліміне жеткізілді. Ер адам жансақтау бөлімінде көз жұмды», - делінген жазбада.
Оқиға туралы мемлекеттік мекемелерге хабарланып, тергеу басталды. Жазатайым оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр.
«Қазхром» ТҰК» АҚ басшылығы мен ұжымы марқұмның туғандары мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтады. Зауыт марқұмның отбасына барлық қажет көмек көрсетілетінін атап өтті.