Алакөлдегі жарылыстан зардап шеккен төрт жұмысшы жансақтау бөлімінде жатыр (ВИДЕО)

12.04.2019 14:19

Дәрігерлер олардың жағдайын тұрақты ауыр деп бағалауда

Алматы облысының  Алакөл ауданындағы мемлекеттік табиғи қорығында зардап шеккен жеті адамның төртеуі жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер олардың жағдайын тұрақты ауыр деп бағалауда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Сәуірдің 10-ы күні күндізгі сағат 15:00-дер шамасында Алакөл аудандық орталық ауруханасына оқиға болған жерден 8 науқас әртүрлі дене жарақаттарымен  түсті. 8 науқастың біреуі дене жарақаттарының ауырлығына, көптігіне  байланысты жасалған шұғыл медициналық көмекке қарамастан қайтыс болды. Қалған 7-і науқастың 4-уі жансақтау бөлімінде ем алуда. Олардың үшеуіне ота жасалды. Қазіргі таңда төрт науқастың жағдайы тұрақты ауыр. Қалған үш науқас травматология бөлімінде жатыр. Ол науқастардың жағдайы орташа ауыр», - деді Алакөл аудандық орталық ауруханасының дәрігері Жандос Садықов.

Естеріңізге сала кетейік, Сәуірдің 10 күні күндізгі сағат 15:00-дер шамасында автоцистернаның  сорғышына жөндеу жұмыстарын  жүргізу кезінде жарылыс болып, 8 адам зардап шекті. Олардың жетеуі осы қорықтың қызметкерлері. Дәрігерлердің айтуынша, зардап шеккендердің ең кішісі 24 те болса, үлкені 66 жаста. Осы 66 жастағы ер азамат алған дене жарақаттарының ауырлығынан  жан тапсырды.