Туған анасынан жәбір көрген қыздың бет-аузының сау-тамтығы қалмаған
Алматыда 44 жастағы анасы туған қызын балғамен ұрған. Осындай айып тағылып отырған әйел кеше сот алдында жауап берді. Мәлімет бойынша, Анна Иванова қызын 5 жыл бойы ұрып-соғып, үйде қамап ұстап, мектепке де жібермеген екен. Жәбір көрген қыз анасының мұндай әрекеттерін мектептегі сынып жетекшісі мен мейірбикеге айтыпты. Алайда, сол кезде іс жабылып қалған. Арада 5 жыл өткеннен кейін оқиғаға қатысты қайта іс қозғалып, сот отырысы өтуде, деп хабарлайды Stan.kz.
Туған анасынан жәбір көрген қыздың бет-аузының сау-тамтығы қалмаған. Тергеу мәліметі бойынша анасы оны балғамен, газдың бұрандасымен ұрған екен. Қаршадай қыздың соққы салдарынан түрі адам шошырлық жағдайға жеткен.
Алайда анасы өзіне тағылған айыптарды мойындамады. Ол қызына қолының ұшын да тигізбегенін айтып отыр. Ал сараптама нәтижесі 44 жастағы әйелдің сөзін жоққа шығарды.
«Біз қызды алып кетуге келгенде анасы оны ұрып жатқан еді. Байғұс бала бізді көре сала «алып кетіңіздерші» деп жылап қоя берді. Бала әбден қорқып қалған. Біздің көзімізді бақырайтып қойып, өтірік айтып тұр ол», – дейді Надежда Барсукова.
14 жастағы қыздың денесіндегі көгерген іздерді көріп, жұртқа жариялаған да осы Надежда Барсукова. Алайда, қыздың үнемі жәбір көретінін одан бұрын мектептегі сынып жетекшісі мен мейірбике білген. Олар мұндай сұмдықты біле тұра шара қолданбағаны үшін сотта жауап берді. Алайда, олар полицияға хабарлағанын, бірақ істің жабылып қалғанын айтып шыр-пыр болды.
Ал қыздың анасының сотта өз әрекеті үшін өкінгені байқалмады. Ол өзін еркін ұстап, тіпті дөрекілік танытты. Белгілі болғандай, ол бұрын да сотты болып, 4 жылын теміртордың ар жағында өткізген екен. Оның 14 жастағы қызынан бөлек, тағы екі қызы бар. Алайда, белгісіз себеппен, тек ортаншы қызын ұрып-соғумен келіпті.
Сондай-ақ, тергеу мәліметінше, анасы қызын далаға да шығармай, бірнеше жыл бойы үйде қамап ұстаған.