Жүргізуші жолаушылардың толықтай түскеніне көз жеткізбестен жүріп кеткен
Өскеменде бес жастағы қызды қоғамдық көлік басып кетті. Қайғылы оқиға 21 сәуірде болған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik сайтына сілтеме жасап.
"Олар менің көршілерім. Қыздың бетін жаптым. Үш минуттан кейін барлығы жүгіріп келді. Бұл өте қорқынышты. Небары бес-ақ жаста. Әжесі қолынан ұстап шыққан автобустан. Есік жабылып, қыздың аяғы қысылып қалған. Автобус болса жүріп кетті. Осылайша көліктің астында қалды. Өте қорқынышты", - деп жазды куәгер әлеуметтік желіде.
Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаменті оқиғаны растады.
"59 жастағы автобус жүргізушісі "Нефтебаза" аялдамасында жолаушылардың толықтай түскеніне көз жеткізбестен жүріп кеткен. 2017 жылғы қыз көліктің астында қалды. Ол алған жарақаттан сол жерде көз жұмды", - делінген хабарламада.
Аталған оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды.