37 жастағы келіншек жанармай бекетінде кассир болып істеген
Қарағанды облысының полициясы Сәтпаев қаласында жанармай бекетінің кассирін қатігездікпен өлтіріп кеткен қылмыскерді іздеп жатыр, деп хабарлады ведомствоның баспасөз хатшысы Бақытжан Құдияров.
Жантүршігерлік қылмыс 16 сәуір күнгі түнде жасалған. 37 жастағы келіншектің денесін жанармай бекетіне келген клиенттердің бірі тауып алып, полиция шақырған.
Мәйітті қарап шыққан мамандар әйелдің маңдайы бірнеше рет шабылғанын айтады. Келіншектің артында бес баласы қалған көрінеді, деп жазды Sputnik.
Әйел адамға неге шабуыл жасалғаны белгісіз. Болжам бойынша, бекетті тонау үшін өлтірген болуы мүмкін, себебі кассадан ақша жоғалыпты.
Қарағанды облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі қылмыскердің іздестіріліп жатқанын растады. Бақытжан Құдияровтың айтуынша, осы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалған. Облыс полициясының бүкіл жеке құрамы жұмылдырылып, ең тәжірибелі қызметкерлерден арнайы жедел топ құрылды.