Алматыда жолаушылар автобусы өртеніп кетті. Бастысы, жолаушыларға лық толы қоғамдық көлікте зардап шеккендер жоқ. Олар дер кезінде шығып үлгерген, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оқиға 6 қыркүйек таңертең Сайын мен Жандосов көшелерінің қиылысына жақын жерде болған. Сағат 8:00 шамасында куәгерлер осы қиылыстан қою қара түтін шығып жатқанын байқаған. Ал өрт сөндірушілерге хабар 8-ден 27 минут кеткенде жетіпті. Төтеншеліктер қызыл жалынды бас-аяғы 20 минут ішінде сөндірді. Мамандар қоғамдық көліктегі газ баллонның жарылуының алдын алды. Кейін әлеуметтік желіде өрт болған жердің видеосы тарады. Жарияланған кадрларда өрттің автобустың ішінен шыққанын көруге болады.
"Нөмірі 38-ші автобустың жанып жатқаны жөніндегі хабар бізге түсе сала, таңертеңгі кептеліске қарамастан 7 минутта жеттік. Өртті көбікпен сөндірдік. Қолданылған шараның арқасында қызыл жалын 8-ден 47 минут кеткенде толық сөндірілді. Әзірге өрттің неден тұтанғаны белгісіз", - дейді № 17 өрт сөндіру бөлімінің басшысы Рауан Рахышұлы.
Ал автобус паркінің өкілдері қоғамдық көліктің рейске дайын болғанын айтады. Транспорт 2019-шы жылы ғана қолданысқа берілген екен. Уақытылы техникалық тексеруден өтіп, еш жері бұзылмаған көрінеді. Соңғы рет ауқымды тексеруге 30-шы тамызда жіберіліпті. Компания өкілі қоғамдық көлік жүргізушісі дұрыс әрекет еткен соң жолаушылар аман қалды дейді.
"Автобус жүргізушісі өз жұмысына жауапкершілікпен қарады. Дер кезінде жолаушыларды қауіпсіз жерге шығарып үлгерген. Ол өрт сөндірушілерге хабар бере сала, қызыл жалынды өз еркімен сөндіруге кіріскен. Ол қолдан келгеннің бәрін жасады", - дейді «Алматыэлектротранс» ЖШС бөлімінің бас маманы Малика Якупова.