Жоғалған оқушы қыздар табылды

24.01.2020 00:26

Алматыға жеткіншектер таксимен барған, ал үйден не себепті кетіп қалғандары әлі анықталуда

tengrinews.kz

Алматы облысында жоғалған оқушы қыздар оңтүстік шаhардағы жалдамалы пәтерлердің бірінен табылды. Оларды іздестіруге облыстық полиция департаментінің қызметкерлері тұтас жұмылдырып, еріктілер де ат салысқан болатын. Жеткіншектер үлкен қалаға не мақсатпен кетті? Балалардың жағдайы қалай? Almaty.tv тілшісі жағдайдың қалай болғанын анықтап көрді.

Балалардың екеуі де дін-аман. Әзірге белгілі болғаны, Алматыға жеткіншектер таксимен барыпты. Ал үйден не себепті кетіп қалғаны әлі анықталып жатыр.  

«Жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Алматы қаласының аумағында екі кәмелетке толмаған қыз табылды. Еріктілер мен аудан қызметкерлерімен бірлесе ауқымды жұмыс атқарылып ата-анасына тапсырылды», – деді Ескелді аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Арнұр ИСАЕВ.

21 қаңтарда жоғалған екі қыз бүгінде үйлеріне оралды. Жарғақ құлақтары жастыққа тимеген ата-аналарының қуанышында шек жоқ. Іздестіру шараларына ат салысқан барша жанға алғыстарын жаудырып жатыр.

«Екі қызымыз аман-есен. Жігіттерге алғысым шексіз. Халыққа да рахмет. Аман-есен қолымызға алып, көңіліміз тоқ. Рахмет халыққа. Қуанғаннан аузыма сөз түспей тұр. Сондықтан сіздерге алғыстан басқа айтарым жоқ. Аман-есен табылғанына қуанып отырмын. Ескелді ауданының милицияларына рахметімді айтамын. Қызым міне. Аман-есен. Дені сау. Ескелді ауданының полиция қызметкерлеріне рахметімді айтамын. Қызым аман-есен табылды. Барлығына рахмет», – деді Ару Бекбердінің әкесі Бекберді ҚЫДЫРӘЛІҰЛЫ.

Еске салсақ, Алматы облысы Ескелді ауданының екі оқушысы - Ару Бекберді мен Талшын Қызырбайдың іздестіріліп жатқаны хабарланған еді. 21 қаңтарда кешкісін Ескелді аудандық полициясына Алдабергенов ауылының екі тұрғыны 2006 және 2008 жылғы кәмелетке толмаған балаларының мектептен оралмағанын айтып, арыз берген болатын.

Еске сала кетейік, біз бұған дейін Алматы облысында екі қыздың жоғалғаны жайлы хабарлаған болатынбыз.

Қуан Нұрақын, Ғани Қалуов «Алматы» телеарнасы