Павлодарда көшедегі дәретханаға екі жасар қыз құлап кетті. Оқыс оқиға Алматы көшесінде орналасқан үйде орын алған, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
«3 шілде күні сағат 13:25-те Алматы көшесі, 22 мекенжайы бойынша Павлодарда ауладағы дәретханаға екі жасар қыз құлап кеткендігі туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына бір техника мен төрт құтқарушы шықты. Құтқарушылар дәретхананың еденін ашты. Альпинистік құрал-жабдықтардың көмегімен төмен түсіп, баланы алып, медицина қызметкерлеріне тапсырды», - деп хабарлады облыстық ТЖД-де.
Жедел жәрдем бригадасы оқиға орнына шақыру түскеннен кейін сегіз минуттан соң келіп жетті.
«15.04.2017 жылы туған бала облыстық балалар ауруханасының соматикалық бөліміне жатқызылды. Ол дәретхананың шұңқырында қанша уақыт болғаны белгісіз», - деп хабарлады денсаулық сақтау басқармасы.
Естеріңізге сала кетейік, осы аптада Российская көшесіндегі құдыққа 12 жастағы бала құлап кеткен болатын.