Қарағанды облысында газ баллоны жарылып, екі адам қаза тапты. Түнгі сағат 24:12-де апат салдарынан ғимараттың шатыры толығымен опырылып, жарылыс болған пәтер қираған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ботақара ауылындағы 2 қабатты, 12 пәтерлі тұрғын үйдегі жарылыстан 2 адам қаза тауып, тағы бесеуі ауруханаға жеткізілді. Апат болған аумақтың жалпы алаңы – 300 шаршы метр. Оқиға орнында құрылған жедел штабтың өкілдері «жарылысқа газ баллонының дұрыс жұмыс істемеуі себеп болуы мүмкін» дейді. Олардың айтуынша, газ баллоны суықтан жылы бөлмеге кіргізілген. Әзірге аталған апатқа кінәлі тарап анықталған жоқ.
– Құтқарылғандардың арасында үш бала бар. Қазіргі таңда екі азаматтың жағдайы ауыр. Үш баланың екеуі медициналық жәрдем көрсетілгеннен кейін, ата-анасы үйіне алып кеткен. Біреуінің жағдайы бірқалыпты. Құтқару жұмыстарына 139 адам мен 32 техника жұмылдырылды, – деді облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Аманбек Бейсембаев.
Апаттан аман қалған тұрғындар туыстарының үйін жағалап кеткен. Аудан әкімінің сөзінше, зақым келген пәтерлер арнайы сарапшылардың қатысуымен тексеріліп жатыр. Сондай-ақ зардап шеккендерге қажетті көмек беріледі. Жергілікті әкімдік өкілі азаматтарды тиісінше қоныстандыру мен үйдің жағдайына қатысты мәселелер жуық арада шешіледі деп сендірді.
– Ауданымызда осындай қайғылы жағдай болып жатыр. Біріншіден, Рахметовтер әулетіне қайғыра көңіл айтамыз. Әрине, өте ауыр жағдай. Бүгінде тұрғындардың барлығы туған-туыстарының үйіне кетті. Қазіргі таңда облыс басшылығымен бірге пәтер мәселесін шешуді қолға алып жатырмыз. Мәселе шешілетін болады, – деді Бұқар жырау ауданының әкімі Абылай Сұлтанғали.
Жарылыс салдарынан зардап шеккен науқастардың екеуі Бұқар жырау аудандық ауруханасында ем алып жатыр. Азаматтардың хәлін білмек боп хабарласып едік, дәрігерлер бір тұрғынның жағдайы өте ауыр деп ақпар берді. Ал бір бала облыстық балалар ауруханасына сан авиациямен жеткізілген.
– Оқиғадан зардап шеккен 5 адам, оның ішінде 2 ересек науқас Бұқар жырау аудандық ауруханасында стационарлық ем алуда. Олардың ең көп зардап шеккені 80 пайыз күйік алды, жағдайы өте ауыр. Екінші науқас 26 пайыз күйік жарақатын алған, жағдайы ауыр, бірақ тұрақты. Зардап шеккен бала санитариялық авиация желісі бойынша облыстық балалар клиникалық ауруханасына ауырлығы орташа дәрежеде жеткізілді. Қазіргі уақытта жансақтау бөлімшесінде жатыр, – деді облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бибігүл Төлегенова.
Айта кетейік, үйде барлығы 46 адам тұрса, жарылыс кезінде оның 35-і іште болған. Полиция қызметкерлері мен Төтенше жағдайлар департаменті оқиға орнында тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ал апатқа қатысы болуы мүмкін деген азаматтарды құқық қорғау органдары анықтайды.
Оқи отырыңыз: СҚО-да көмір қымбаттады