Ұлының денесі сол күні табылған еді
Павлодар облысында ұлымен бірге суға батқан ер адамның денесі табылды. Мәйітті марқұмның туыстары тауып алған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«6 тамызда сағат 09:10-да Павлодар ауданында Сынтас ауылынан бес шақырым жерде Ертіс өзенінде (Оңтүстік су бөгеті ауданы) жедел-құтқарушы бөлімшенің күш-құралдары (екі құтқарушы және бір жүзу құралы) 1973 жылы туған Сергей Курегеновті іздеу жұмыстарын жүргізген еді. Ол 1 тамыз күні сағат 14:25-те шомылуға рұқсат етілмеген жерде суға түсіп, батып кеткен (отбасымен демалуға келген) болатын. Алтыншы тамыз күні сағат 17:35-те марқұмның туыстары мәйітті тауып алды», – деп хабарлады Павлодар облысының Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Ер адамның мәйіті табылған жерге жедел-тергеу тобы келді. Бұған дейін хабарлағандай, 1 тамызда Павлодар қаласының оңтүстік су бөгетінде әкесі мен баласы суға батып кеткен болатын. Ұлының денесі сол күні табылған еді.