Павлодар облысында ер адам мен кішкентай бала өртеніп кетті, үш жасар қызды көршісі құтқарып қалған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тереңкөл ауданы Тереңкөл ауылы Елгин көшесі, 16 мекенжайында бір қабатты қамыстан салынған үйде өрт тұтанған. Жалын шамамен 64 шаршы метр аумақты шарпыды.
Шатыр жартылай құлап қалған.
Өрт сөндіру бөлімі келгенге дейін 2019 жылы туған қызды көршісі құтқарып үлгерген.
Ол ауруханаға жатқызылды. Бала көміртегі тотығынан уланған, оң қабағы және бетінің сол жағы бірінші дәрежелі термиялық күйік алған.
«Шақырту түскен мекен-жайға бірден 3 арнайы техника мен жеке құрамның 21 қызметкері жіберілді. Оқиға орнында 1958 және 2016 жылғы екі адамның мәйіті табылды. Өрт түнгі сағат 1:47-де толық өшірілді», – деді облыстық ТЖД өрт сөндіру қызметінің жедел кезекшісі Дәулет Қайырбеков.