Биыл СҚО-да 258 жол-көлік оқиғасы тіркелді
Солтүстік Қазақстан облысында жеңіл көліктің аялдамаға соғылуынан ауыр жарақаттанған 4 адам жансақтау бөлімінде жатыр. Кәмелет жасына толмаған 3 бала бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оқыс оқиға кеше Петропавл қаласының Панфилов көшесінің бойында болды. ВАЗ-2108 автокөлігінің 23 жастағы жүргізушісі көлік тізгініне ие бола алмай, аялдамаға соғылған. Нәтижесінде кәмелетке толмаған 3 бала мен 43 жастағы әйел зардап шекті.
«Кеше авария болды, ол аварияда мына шопыр кінәлі емес. Жол тайғақ, қарлы жаңбыр. Ана төртеуі больницада жатыр», – деді Петропавл қаласының тұрғыны Жағалбай Елубаев.
«Жас жігіт қой. Мүмкін жылдамдықты асырмаған да шығар, не болғанын білмейміз ғой енді. Мүмкін көлігінде ақау болды ма екен? Жалпы біздің көшеде апат жиі болады», – деді Петропавл қаласының тұрғыны Наталья Соколова.
Апат салдарынан зардап шеккендердің төртеуі де жансақтау бөліміне түсті. 43 жастағы әйелдің жағдайы ауыр. 7 жастағы егіздер кеуде-іш жарақатын алса, 12 жастағы жеткіншектің бас миына зақым келіп, саны сынған.
«Іш жарақатын алған екі бала хирургия бөлімінің жан сақтау бөліміне жатқызылды. Олардың жағдайы орташа ауыр. Ал 12 жастағы бала политравматикалық травматология бөлімінің реанимациясына жатқызылды. Оның оң жамбасы мен оң жамбас сүйегі сынған, сондай-ақ бас ми жарақатын алған», – деді Көпбейінді балалар ауруханасының травматолог дәрігері Шыңғыс Нұрғалиев.
Саны сынған жеткіншекке шұғыл түрде 2 сағат бойына ота жасалды. Қазір оның жағдайы ауыр, ал егіздердің жағдайы орташа. Ал медициналық тексеріс нәтижесінде аялдамаға соғылған 23 жастағы жігіттің көлікті мас күйде жүргізбегені анықталды. Мұны тәртіп сақшылары растап отыр.
«Жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша жиналған материалдар істің мән-жайын анықтау және процессуалдық шешім қабылдау үшін Петропавл қалалық полиция басқармасының әкімшілік полиция бөліміне берілді», – деді Петропавл қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының взвод командирі Нұрбек Байлин.
Көлік жүргізушісінің қандай жаза арқалайтыны процессуалдық шешім қабылданғаннан кейін белгілі болады. Биыл СҚО-да 258 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан 42 адам қаза тауып, 365 адам жарақат алған.
Нұргүл Алина, Жұлдызбек Ермұқанов, «Алматы» телеарнасы, СҚО-дан