Ақтөбе облысында ер адамның үстіне найзағай түсті

25.07.2022 14:38

Оқиға 24 шілде күні сағат 08:35-те болды

Фото: ашық дереккөзден

Ақтөбеде мал бағуға шыққан ер адамға найзағай түсті. Ол қазір ауруханада жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Оқиға 24 шілде күні сағат 08:35-те болды. Ақтөбе облысы ТЖД кезекші-диспетчерлік қызметінің пультіне Мұғалжар ауданы Ембі қаласы Үшқатты сайының маңында ер адамға найзағай түскендігі жөнінде хабарлама келіп түсті. 

«Зардап шегуші Ембі аудандық ауруханасына жеткізілді. Қазіргі уақытта оның жағдайы тұрақты. Деректер сүйенсек, 1981 жылғы ер адам малды өріске айдап бара жатқан. Ақтөбе облысы ТЖД тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін сақтауды ескертеді. Көбінесе найзағай биік ғимараттарға, ағаштарға түседі. Сондықтан олардан 50-60 метр қашықтықта болғаныңыз дұрыс. Қолшатыр найзағайдан құтқармайды, керісінше апат әкелуі мүмкін. Сол себепті, жалт ойнап тұрған кезде қолшатырды ашуға болмайды. Найзағай ойнап тұрғанда телефонмен сөйлеспегеніңіз дұрыс. Себебі найзағай кей кезде электр бағаналарынан өтеді», – деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі.