Шымкенттік блогер ТЖ режимін бұзғаны үшін қамауға алынған

15.04.2020 14:50

Төтенше жағдай режимінде қызметтік өкілеттігін атқарып жүрген құзырлы орган қызметкерлеріне кедергі келтірген

polisia.kz

Танымал блогер, белсенді төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін сот қаулысымен қамауға алынды. Әлеуметтік желілерде Руслан Жанпейісов есімімен белгілі Шымкент қаласының тұрғыны Раимбеков Бибарыс ҚР ӘҚБТК-нің екі бабы бойынша кінәлі деп танылған деп хабарлайды Kaz.nur.kz.

14 сәуір күні Шымкент қалалық мамандандырылған әкімшілік істер жөніндегі сотында Бибарыс Раимбековке қатысты іс қаралған. Сот барысында құқық бұзушы 12 сәуір күні сағат 20:40 шамасында өз көлігімен карантин кезіндегі белгіленген талаптарды бұзып, қаланың өзі тұрмайтын және жұмыс орны орналаспаған басқа аумағында жүргені анықталған. Сонымен қатар, құқық бұзушы сол күні төтенше жағдай режимінің енгізілуіне қарсы пікірін білдіріп, тікелей эфирде құқық бұзушылыққа арандатқан.

Тікелей эфирде төтенше жағдай режимінде қызметтік өкілеттігін атқарып жүрген құзырлы орган қызметкерлеріне кедергі келтірген. Осылайша белсенді Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің екі бабы бойынша кінәлі деп танылған.

"Раимбеков Б.К. ҚР ӘҚБТК-нің 47 бабы бойынша 10 тәулікке және 478 бабы бойынша 25 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Қаулы қабылдау барысында Раимбеков Б.К. құзырлы тұлғалардың ескертуіне қарамастан, құқық бұзушылығын жалғастырған тәртібі ескерілді", – дейді Шымкент қалалық сотының баспасөз қызметі. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.