Қызыл жалын «Бозащы Мұнай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарайтын «Оңтүстік Қаратұрын» өндіріс орнында тұтанған
Маңғыстаудағы кен орнынан шыққан өрт бес күннен бері өшпей тұр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қызыл жалын «Бозащы Мұнай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарайтын «Оңтүстік Қаратұрын» өндіріс орнында тұтанған. Төтенше жағдайлар министрлігінің ақпарынша, тілсіз жау 9 маусымда басталған. Бұрғылау кезінде мың метр тереңнен газ-су қоспасы атқылап, арты жалынға ұласқан. Оның биіктігі 10 метрге дейін жеткен. Қазіргі таңда апатты ауыздықтау мүмкін болмай жатыр. Себебі, төтеншеліктер алапат жарылыс болып кетпес үшін уақытша өртті сөндірмеу керек деген шешім шығарған.
«Өрт болған орынға өртке қарсы қызмет пен көмекші техниканың жиынтық жасағынан құралған 33 техника және жеке құрамның 89 адамы, арнайы техника жіберілді. Біздің қазіргі мақсатымыз өртті ауыздықтау. Ұңғымаға түсетін газ қорының көлемі мен қысымын анықтап, кен орнындағы өртті жою іс-шаралар жоспарын жедел әзірлеу керек. Жобаны мерзімінен кешіктірмей зерделеп, құзыретті мамандар бірауыздан мақұлдауы тиіс. Сондай-ақ әзірлеу кезінде жедел шаралар қабылдау үшін барлық мердігерлік ұйымдар мен жауапты мамандар қатысуы қажет», – дейді Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев.