Ұлттық ұлан офицері ұшақта адам өмірін құтқарып қалды. Оқиға Киевтен Нұр-Сұлтан қаласына ұшып келе жатқан ұшақта орын алған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
«Таңғы сағат 05:00-тер шамасы, барлығы қалың ұйқыда еді. Бір мезетте ұшақтың ішінде абыр-сабыр басталып кетті. Әуе серігі ары-бері жүгіріп, жолаушылардан көмек сұрай бастады. Осы арада дауыс көтергіш құрылғымен «Медицина қызметкері бар ма?» деген хабарлама жеткізілді. Орнымнан дереу тұрдым да, әуе серігінің қасына бардым. Өзімді таныстырдым. Мен дәрігер емес, әскери ұшқыш екенімді және алғашқы көмек көрсете алатынымды айттым. Ең алдымен қан қысымын өлшедім, 80 де 60-ты көрсетті. Сол кезде бортсерікке тездетіп қара кофе алып келуді сұрадым. Қан қысымы көтерілді. Содан соң оттегі баллондарды беруді сұрадым. Адамға ауа қажет екенін іштей білдім. Осылайша Нұр-Сұлтан қаласына да жеттік. Жол бойы оның хәлін сұрап, қолын қысып, сөзбен қолдау көрсетіп тұрдым. Әуежайда санитарлық бригада қызметкерлерінің қолына тапсырдым», – дейді Ұлттық ұлан әуе кемесінің командирі Станислав Смурыгин.
Барлық қиындықтар мен шектеулерге қарамастан Ұлттық ұлан офицері әйел адамға дер кезінде көмек көрсетіп, өмірін ажалдан арашалап қалды.
«Осындай жағдайларда көмекке келу – әр азаматтың борышы, әсіресе, погон таққандарға бұл парыз саналады. Мұндай жағдайға алғаш рет тап болдым. Жай кезде өзім ұшақты басқарамын, осы жолы жолаушы бола тұрып, дәрігер кейпінде болдым. Адамға көмек беру үшін бар білгенімді салдым», – дейді офицер.
Станислав Смурыгин мамандығы бойынша әскери ұшқыш. Ұлттық ұлан қатарында 2004 жылдан бастап қызмет етіп келеді. Әскери ұшақты басқаруда тәжірибесі мол. Бүгінде Ан-74 әуе кемесінің командирі болып қызмет атқарады.