Батыс Қазақстанда жол апатынан үш адам көз жұмды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Департамент мәліметінше, оқиға 24 наурыз күні Орал-Атырау жолының 308-шақырымында Ақжайық ауданы аумағында болған.
«Шамамен сағат 14.30-да 1991 жылғы жүргізуші жүргізіп келе жатқан «ГАЗ-330273-753» жүк көлігінің тіркемесі ағытылып, қарсы бетке шығып кеткен. Содан қарсы бетте 27 жастағы жүргізуші айдап келе жатқан «Тойота Камри» автокөлігімен соқтығысқан. Салдарынан «Тойота Камри» автокөлігінің жүргізушісі мен 22 және 42 жастағы екі жолаушысы оқиға орнында мерт болды. Ақжайық аудандық орталық ауруханасына 1979 және 1991 жылғы екі адам түрлі жарақатпен жеткізілді. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 345-бабы 4-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғалып, барлық тиісті сараптама тағайындалды», - делінген хабарламада.