Жайық өзенінің бетіндегі мұз ойылып, ер адам суға батып кетті

05.12.2022 14:53

Қасында немересі болған

azh.kz

4 желтоқсан сағат 20:49-да Атырау қаласының Жұмыскер ауылы тұсында Жайық өзенінде мұз ойылып, ер адамның суға батып кеткені туралы хабарлама түсті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Экспресс К сайтына сілтеме жасап.

Бұл туралы Атырау облыстық ТЖД-нің баспасөз қызметі мәлімдеді. 72 жастағы ер адам 10 жастағы немересін ертіп мұз үстінде серуендеуге шыққан.

"Сағат 21:10-да Атырау облысы ТЖД Жедел-құтқару жасағының сүңгуірлерінің күшімен ер адамның денесі судан шығарылды", — делінген хабарламада.

Оқиға куәгерлері 2012 жылы туған баланы дер кезінде құтқарып, ол облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Жасөспірім дәрігерлердің тексеруінен кейін үйіне жіберілді.

Су асты іздестіру жұмыстарына Атырау облысы ТЖД жедел-құтқару жасағының 3 сүңгуірі мен 1 техникасы жұмылдырылды.

Төтенше жағдай қызметкерлері тұрғындарды сақ болуға шақырып, жұқа мұздың қауіпі туралы ескертеді.