Жаркентте ұшты-күйлі жоғалып кеткен үш жасар бүлдіршіннің мәйіті суару каналынан табылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі аймақтық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Алмалы кентінің тұрғындары Жетісу облысы Панфилов ауданының полицейлеріне 3 жасар баланың жоғалып кеткені туралы өтінішпен жүгінген. Олардың айтуынша, бала өзінің үйінің ауласында ойнап жүріп жоғалып кеткен.
Іздеуге 100-ге жуық адам шыққан. Олар баланың денесін арықтан тапқан.
«Кентке кіретін су жабылды. Суару каналындағы су көлемі азайғаннан кейін жоғалған баланың денесі оның үйінен 3 км қашықтықтан табылды. Болжам бойынша бала арнаға құлап, оны қатты ағыс алып кеткен», - деп хабарлады Жетісу облысының полиция департаменті.
Тәртіп сақшылары азаматтарға әсіресе, жазғы демалыс кезінде балаларға жауапкершілікпен қарауды ескертті.