Таразда жол апатына ұшыраған жүргізуші 2 жасар баланы көлікте тастап қашып кеткен

25.10.2019 14:57

Абырой болғанда, апат салдарынан бала зардап шекпеген

Stan.kz

Тараз қаласында көлік тізгініндегі ер адам жол апатына ұшырап, екі жасар баланы көліктің ішінде қалдырып, қашып кеткен. Полиция ер адамды таба алмай жатыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі ktk.kz арнасына сілтеме жасап.

Оқиға қаланың шеткі көшелерінің бірінде болған. «Мазда» көлігін тізгіндеген ер адам үйдің алдындағы бағанаға соғылған. Салдарынан көліктің алдыңғы жағы жапырылып қалып, бетон қисайып кетіпті. Ал апатқа ұшыраған жүргізуші екі жасар баланы көлікте қалдырып, ізін суытқан.

Белгілі болғандай, бол баланың туысқан ағасы екен. Абырой болғанда, апат салдарынан бала зардап шекпеген. Дәрігерлер оны тексеріп, ата-анасына табыстады.

Бүгінгі таңда полиция 29 жастағы жүргізушіні іздестіріп жатыр. Ал көлік айып тұрағына қойылыпты.