Өгей әкесі соққыға жыққан бала қайтыс болды

03.10.2019 15:00

Ол 23 қыркүйек күні сағат 16:00 шамасында ес-түссіз ауруханаға түскен болатын

Zakon.kz

Алматыда өгей әкесі аямай ұрған 2 жасар бала есін жимастан бүгін ауруханада көз жұмды. Мұны қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы растады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«2 жастағы бала жансақтау бөлімінде қайтыс болды, ол аса ауыр жарақат алуына байланысты осы бөлімге жатқызылған болатын», – деді қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының баспасөз қызметі.


Естеріңізде болса, 23 қыркүйекте қала ауруханаларының біріне ес-түссіз күйінде 2017 жылы туған бала түскен. Дәрігерлер баланың миында гематома бар, іші мен кеуде қуысы зақымданған, аяқ-қолдарының сау жері жоқ, көптеген жарақат алған деген диагноз қойған еді. Бұл жантүршігерлік оқиға бойынша қылмыстық іс те қозғалған. Қамауда отырған күдікті бұрын бірнеше рет ұрлық жасағаны үшін қылмыстық жауапқа тартылған.


Басында ол бала құлап қалды деген уәж айтты. Кейіннен тергеу барысында ұлды өгей әкесі ұрғаны анықталды. Анықталғанындай, баланың анасы ол кезде жұмыста болған. Жылаған баланы жұбата алмаған өгей әкесі оны ұрып-соққан.

Ерлі-зайыптылар азаматтық некеде тұрған. Осыдан 1,5 ай бұрын Алматы облысынан қалаға көшіп келіп, «Көкқайнар» шағынауданында тұрып жатқан.

«Қазір бұл жантүршігерлік оқиға бойынша ҚР ҚК 106-бабының 1-бөлімімен қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауда отыр. Бұрын ол бірнеше рет ұрлық үшін қылмыстық жауапқа тартылған», – деді Ләйла Әліпбаева.