Апат салдарынан 15 адам ауруханаға жеткізілді
Жексенбі, 24 қараша күні Түркістан облысында Алматы - Ташкент – Термез тас жолының 766-шы шақырымында жол апаты болды. Hyundai Accent пен екі Daewoo Nexia көлігі соқтығысқан.
Алдын ала мәліметке сәйкес, Hyundai жүргізушісі Сарыағаш – Шымкент бағытымен жүріп келе жатқан.
"Көліктің тежегіші істен шықты деген болжам жасалып отыр. Салдарынан машина Daewoo Nexia маркалы көліктермен соқтығысты. Hyundai Accent өртенді", - деп хабарлады Sputnik Қазақстанға "Қазавтожол" ҰК" АҚ баспасөз қызметінің жетекшісі Маржан Ордабай.
Daewoo Gentra жүргізушісі көліктермен соқтығыспау үшін жолды бөгеп қойған қоршауға соғылды.
Жол апаты салдарынан 15 адам зардап шекті. Қаза болғандар жоқ.