Қарағанды облысында екі көлік соқтығысып, үш адам қаза болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Жол-көлік оқиғасы Абай-Шахтинск тас жолында Агрогородок аулының маңында болған. Әлеуметтік желілерде оқиға орнынан түсірілген суреттер тарады.
Алдын ала мәлімет бойынша, 19 жастағы жүргізуші басқарған Lada Priora автокөлігі қарсы бағыттағы жолаққа шығып, «Нивамен» соқтығысқан.
Апат салдарынан Lada Priora көлігінің 18 жастағы және «Ниваның» 52 жастағы жолаушысы оқиға орнында қаза тапты. Екі жүргізуші, Lada Priora көлігінің тағы екі жолаушысы түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Олардың бірі, 18 жастағы жігіт ауруханада қайтыс болды.
«Бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігіне («Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы») сәйкес қылмыстық іс тіркелді. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Олардың нәтижесі бойынша процессуалдық шешім шығарылады», – деді Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметінің өкілдері.