Ветеринарлар мұны белгісіз инфекциялық ауру деп отыр
Қарағанды облысының Шет ауданы Ақшоқы ауылында мал қырылу дерегі тіркелді. Облыстық ветеринария қызметі аурудың себебін анықтап жатыр. Әзірге ауылды қоршай карантин бекеті орнатылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Малдың жаппай қырылуын Ақшоқы ауылының тұрғындары соңғы он күнде байқаған. Ветеринарлар мұны белгісіз инфекциялық ауру деп отыр. Бар-жоғы 240 бас мал дерт жұқтырған. Оның ішінде ресми деректерге сүйенсек, 76 ірі қара арам өлген. Оның ішінде басым бөлігі - бұзаулар. Ауыл тұрғындарының айтуынша, жануарлардың кенеттен тәбеті жоғалып, жатып қалады.
«Өлекселер инсинератор арқылы өртелді. Жою жұмыстары ауылдық округке тиесілі ескі мал қорымының аумағында, мүдделі мемлекеттік органдардың, аудандық ветеринариялық станция мамандарының қатысуымен жүргізілді. Ветеринарлар мал иелерімен бірлесіп, ауырған жануарларға симптоматикалық емдеу шараларын жүргізіп жатыр», - деп хабарлады Қарағанды облыстық ветеринария басқармасының баспасөз қызметі.
Жалпы Ақшоқы ауылдық округінде 2,5 мыңнан астам ірі қара мал бар. Мамандар дерттің тарап кетуіне жол бермес үшін ауылдың кіреберісіне бекет орнатты. Аурудың диагнозың анықтау мақсатында сынама алынып, республикалық ветеринария зертханасының Қарағанды облыстық филиалына жеткізілді.