Петропавлда жарылған су құбыры қалпына келтірілді

13.12.2022 15:06

Апаттың салдарынан облыс орталығындағы екі аудан тұрғындары тәулік бойы сусыз отырды

instagram.com/ruslan_anbaev

Петропавлда жарылған су құбырын мамандар қалпына келтірді. Апаттың салдарынан облыс орталығындағы екі аудан тұрғындары тәулік бойы сусыз отырды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Апат орнында құбырды қалпына келтіру жұмысының аяқталғаны жөнінде Петропавл әкімі Руслан Аңбаев әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Қала басшысы осылайша құбырды жөнге келтіру жұмыстарының барысынан хабардар етіп отырды.

«Жөндеу жұмыстары аяқталды. Кейін үйлерге су беріледі. Осы ретте «Қызылжар су» ЖШС-і мен жұмысқа жұмылдырлыған барлық коммуналдық қызметтерге алғысымды білдіргім келеді. Құрметті қала тұрғындары! Уақытша туындаған ыңғайсыздықтар үшін кешірім сұраймын», - деп жазды Руслан Аңбаев.

Естеріңізге салайық, 12 желтоқсан күні сағат 1.00 шамасында Петропавлдағы 314-ші атқыштар дивизиясы көшесінде суық су құбыры жарылып, қалада су қысымы төмендеп кетті.

Кейін басқа аудандарда сумен қамту қалыпқа келгенімен Береке шағын ауданы мен Жұмысшы кенті тәулікке жуық сусыз отырды.

Жайылған су темір жолды басып, екі пәтерлі 10 үйдің ауласына және кәсіпорынның аумағына кірді.

«Қызылжар Су» ЖШС-нің атқарушы директоры Арман Сауытов мердігер фирманың жойылуына байланысты барлық шығынды өтейтіндіктерін жеткізді.