Петропавлдағы шабуыл: балаларға алғашқы көмек көрсеткен фельдшер жазалануы мүмкін

16.02.2023 15:07

Ауыр жарақат алған екі балаға шұғыл түрде ота жасалып, жансақтау бөліміне жатқызылды

ашық дереккөзден

Петропавлда 9-сынып оқушысы балтамен және пышақпен жарақаттаған балаларға алғашқы медициналық көмек көрсеткен жедел жәрдемнің фельдшері жауапқа тартылуы мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Солтүстік Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, 13 ақпан күні сағат 7:55-те «103» пультіне Н.Назарбаев көшесіндегі №4 мектептен шақырту түскен. Телефон шалған адам балалардың басынан жарақат алғанын хабарлаған. Жедел жәрдем бригадасы 4 минутта жетіп, зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетті. Көмек сапалы көрсетілген.

Бірақ жедел медициналық көмек бригадасының аға фельдшері оқиға орнына жетісімен ережеге сай шара қолданбаған.

«Ережеге сай зардап шеккендер саны 3 не одан да көп болса, бірінші болып жеткен жедел-медициналық көмек бригадасы алдымен сұрыптаудан өткізіп, одан кейін ауысымның кезекші дәрігеріне жарақат алғандардың саны туралы ақпарат беруі керек. Аға фельдшер мұның бірін істемеген, қосымша жедел жәрдем қызметін шақырмаған. Зардап шеккен балалар облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Осы аралықта диспетчерлік қызметпен байланыс болмаған. Жарақат алған балалардың саны жөнінде шақырту аяқталғаннан кейін ғана белгілі болды.

Зардап шеккендер өте ауыр жарақат алған жағдайда фельдшердің белгілі стандарттарды қолданбауы олардың халін қиындата түсер еді», - делінген баспасөз хабарламасында.

Әзірге зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсеткен фельдшерге тәртіптік шара қолданылған жоқ. Бұл оқиға емдеу-бақылау комиссиясының отырысында талқыға түсіп, қорытынды жасалып, шешім қабылданбақ.

Естеріңізге салайық, Петропавлдағы №4 мектептің 9-сынып оқушысы сабаққа балта-пышақпен қаруланып келіп, үш баланы жарақаттаған еді.

Балалардың біріне емдеу мекемесінде көмек көрсетіліп, кейін амбулаторлық ем алуға үйіне жіберілді. Ауыр жарақат алған екі балаға шұғыл түрде ота жасалып, жансақтау бөліміне жатқызылды.