Тауда тағы да қар жауып тұр
Алматылық альпинистерді табу мүмкін болмай жатыр. Себебі, құтқарушылардың тікұшағы ауа райына байланысты әуеге көтеріле алмай отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл туралы Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Нұрсұлтан Нұрахметов мәлімдеді. Ол тауда тағы қар жауып тұрғандықтан, күннің қолайлы сәтін күтеміз дейді.
Айта кетейік, алматылық альпинистер Мұрат Өтепбаев, Андрей Корнеев және Александр Чечулин Жеңіс шыңын бағындыруға кеткен еді. Алайда олар 6600 метр биіктіктен түсе алмай, байланыссыз қалған көрінеді. Сол жерде суықтап, сырқаттанған Александр Чечулин жан тапсырған. Алайда, қалған екі альпинистің туыстары олардың аман-есен табылады деп күдерін үзбей отыр.