Өрттің шығу себебі анықталуда
Ақмола облысы Атбасар ауданында болған өрт 3 баланың өмірін жалмады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жер үй отқа оранып жатыр деген хабарлама жақын маңдағы Атбасар өрт сөндіру бөлімшесіне таңғы сағат 5.19-да түскен. Қызыл жалынды ауыздықтауға 12 маман және 2 техника бірлігі жұмылдырылды. Сондай-ақ, 3 техника мен 3 адам өрт сөндірушілерге өз еркімен көмектесіпті. Қазір мамандар өрттің неден шыққанын анықтап жатыр.
«Қызыл жалын 100 шаршы метрді шарпыды. Үйде 7 адамнан тұратын көпбалалы отбасы болған: ата-анасы 1979 және 1981 жылдары туған, 2004, 2005, 2007, 2008 жылдары дүниеге келген 4 ұл бала және 2012 жылғы қыз бала бар. Өрт сөндірушілер келгенше үйдің иесі терезені сындырып, 2 баласы мен әйелін сыртқа алып шығыпты. Қалған 3 баланы құтқару мүмкін болмады. Үй тез жанатын материалдан салынғандықтан, лезде отқа оранған. Тілсіз жау толығымен таңғы сағат 08.25-те ауыздықталды», – деді облыстық ТЖД бастығының міндетін атқарушы Қанат Доспаев.