Биыл отбасылық-тұрмыстық салада 600-ден астам қылмыс жасалған

18.10.2022 в 15:09

Бұл туралы Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов айтты

Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Үкімет отырысында тұрмыстық зорлық-зомбылық саласының профилактикасы туралы айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Биыл полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы 100 мыңнан астам қоңырау келіп түсті. Олардың көпшілігі – Шымкент, Астана, Алматы қалаларында, сондай-ақ Қарағанды, Павлодар және Қостанай облыстарында болған. Бірақ олардың 60 пайызы бойынша полиция тиісті шара қолдана алмады. Себебі полиция оқиға орнына келген кезде жәбірленушілер (62 пайызы) арыздарынан бас тартқан. Қолданыстағы заңға сәйкес, өтінішсіз полиция үй тирандарын жауапқа тарта алмайды. Нәтижесінде жазықтының өз бетімен кетуіне жол береді, қол жұмсау әдетке айналып, ауыр зардапқа алып келеді. Биыл отбасылық-тұрмыстық салада 668 қылмыс жасалған», - деді Марат Ахметжанов.

Министр атағандай, жыл басынан бері дебоширлерге қатысты 35 мың әкімшілік хаттама толтырылған.

«Сот шешімі бойынша 10 мыңнан астам адам қамауға алынды. 8,5 мың адамға ескерту беріліп, 675 адамға айыппұл салынды. Сондай-ақ 67 мың қорғау нұсқамасы шығарылды», - деді ол.