Қазіргі уақытта ақау шыққан жер анықталды
Петропавлда тағы су құбыры жарылып, жұртты әбігерге салды. Қысымның аздығынан Жұмысшы кенті мен Береке шағынауданы тіршілік нәрінсіз қалды. Апаттың қатты болған соншалық, қалаға кіреберістегі жол мен үйлерді су басқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Түн жарымда 314 атқыштар дивизиясы көшесінде құбыр жарылып, қалада су қысымы төмендеген. Диаметрі 800 мм-ді құрайтын жабдықтан жан-жаққа жайылған су жақын маңайдағы тұрғын үйлерге дейін жетіпті. Апаттан зардап шеккен Андрей Чернов жертөледе сақталған азық-түліктің бәрі суға кетіп, жарамсыз болып қалғанын айтады.
«Түнгі сағат 3:40 кезінде көршім хабаласып, су басып жатқанын айтты. Су тіземнен сәл төмендеу жерден келді. Жертөледегі заттың бәрі керексіз болып қалды. Ары қарай не болатынын білмеймін», – деді қала тұрғыны Андрей Чернов.
Су құбырындағы апаттан қысым төмендеп, қала бірнеше сағатқа судан ажыратылды. Жөндеу бригадасы кей жердегі жағдайды реттеп, Жұмысшы кенті мен Береке шағынауданынан басқасын суға қосты. Елдімекен тұрғындары жазда сапасыз жасалған жөндеу жұмыстарының кесірінен апат жиі болатынын айтып шағымданды.
«Жағдай бізді қатты алаңдатады. Не тамақ пісіре алмайсың, не жуына алмайсың. Үйде екі қарт кісі бар. Су алу үшін дүкенге барып жүрміз. Апаттың жиілеп кеткені ыңғайсыздық туғызады», – деді қала тұрғыны Вера Дмитриева.
Қысымның төмендігіне байланысты Береке шағынауданы мен Жұмысшы кентіндегі білім беру орындары да сусыз қалды. № 31 мектеп директорының айтуынша, су арнайы көлік арқылы мектепке жеткізіліп, оқушылар қалыпты режимде оқып жатыр. Ал «Қызылжар су» жауапкершілігі шектеуіл серіктестігі атқарушы директорының айтуынша, қалыпқа келтіру жұмысы күн райының салқын болуына байланысты қиындап кеткен. Бірақ шамамен 1 тәулік ішінде қысымы төмен аудандарға су қосуымыз мүмкін деп сендірді.
«Біз тұрғындарды сумен қамтамасыз ету үшін қысымды арттыруға тырысамыз. Қазір апат шыққан орынды жөндеуге кірістік. Қуат қоры жеткілікті. Керек-жарақтың бәрі алдын ала сатып алынды», – деді «Қызылжар су» ЖШС атқарушы директоры Арман Сауытов
Апат болған жерде құбырларды жөндеу жұмыстары 2009 жылы жүргізілген. Сол кезде жұмыс жасаған мердігердің жоқтығына байланысты қалыпқа келтіру шығыны «Қызылжар су» компаниясына жүктеліп отыр. Айта кетейік, бір жарым айдың ішінде Петропавлда 3 апат болды.
Нұргүл Алина, Азамат Елубаев, «Алматы» телеарнасы, СҚО