Қостанай облысында өрттен зардап шеккендерге 91 үй салынатын болды

05.09.2022 15:29

Жаңа үйлер қазан айының соңына дейін салынып бітуі тиіс

МИА «Казинформ»

Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов Қостанай облысының Әулиекөл ауданында орман өртінен зардап шеккендерге жаңа үй салуға қазірдің өзінде жер бөлінгенін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Azattyq Ruhy-на сілтеме жасап.

«ҚР Премьер-министрінің тапсырмасы бойынша бұл бағытта Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі көмек көрсетіп жатыр. Бірлескен жұмыс тобы құрылды», - деді аймақ басшысы.

Әкім облыста қыс оңтүстікке қарағанда ерте – қазан айында түсетінін еске салды. Ал жаңа үйлер қазан айының соңына дейін салынып бітуі тиіс.

Алдағы екі-үш күннің ішінде үйлердің жобасы бекітіледі. Ал бірер күннен кейін жергілікті билік баспана салуды қолға алмақ. Мұхамбетов жұмысқа кәсіби мамандар тартылып, үйлер тез әрі сапалы салынатынына уәде берді.

Жедел мәліметтер бойынша өрт аумағы 43 мың гектардан асты. Өртті сөндіруге 196 техника, 7 тікұшақ, 5 өрт сөндіру пойызы, Төтенше жағдайлар, Қорғаныс, Ішкі істер министрлігінің 1526 қызметкері жұмылдырылды. 2 мыңға жуық адам қауіпсіз жерге көшірілді. Төтенше жағдайлар министрлігінің сенім телефоны ашылып, Төтенше жағдайлар министрлігі мен Қостанай облысы Төтенше жағдайлар департаменті психологтарының жұмысы ұйымдастырылды.